Әкенің малы қайткенде балаға мал болады?

Әкенің малы қайткенде балаға мал болады?

«Covid19» пандемиясы адамзат қоғамы қайырымды азаматтарға зәру екенін анық көрсетті. Тұтас мемлекеттер бір біріне гуманитарлық көмектер жіберіп жатыр. Оның ішінде Қазақстанға да көмек көрсетіп жатқан елдер бар, өз кезегінде Қазақстан да қарап қалып жатқан жоқ.

Жекелеген азаматтарымыз туралы айтпай кетуге болмайды.
Айнұр Тұрсынбаева, Дәулет Мұқаев, Динара Сәтжан, Дана Нұржігіт, Қайрат Жолдыбайұлы, Ермек Құрманғалитегі, Берік Қадірұлы секілді азаматтар қаражат жинап шетелден оттегімен демалдыратын аппарат алдырып жатыр. Түркияда тұратын Арман Жұмагелдиев деген қандасымыз өзінің инстаграм парақшасында дәрі-дәрмекке ақшасы жоқ азаматтардың хабарласуын сұрап жатыр. Алматылық Тоғжан Қожалиева деген қыз ауруханадағы дәрігерлерге ыстық сорпа ұйымдастырып жатыр. Шымкенттік өрімдей қыз Гүзәл Әуелбекова қаладағы тамақтандыру орындарымен келісіп, ауруханаларда ем қабылдап жатқан жағдайы төмен азаматтарға тамақ тасып жұр. Қаншама азамат ешкімге сездірмей қайырымдылық жасап жүр.

Дегенмен, қайырымдылықты қаншама жарнама жасасақ та көптік етпейді.
Бас көрсететін жағдай – баланың бойындағы қайырымдылық сезімі отбасында қалыптасады екен..

2017 ж. 102 жасқа келіп қайтыс болған Дэвид Рокфеллердің айтуынша әке-шешесі күн сайын балаларына 25 цент беріп, бір бөлігін сақтап, екінші бөлігін қайырымдылыққа жұмсап, қалғанын өз қалауынша жұмсауды қадап айтып отырады екен.

Бүгінгі күні осы әулет мүшелері құрған «Рокфеллер қоры», «Ағайынды Рокфеллер қоры», «Дэвид Рокфеллер қоры» атты қайырымдылық қорларында $5 млрд жинақталған.

Қазақта «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген қазақтың сөзін теріске шығарған Джон Рокфеллер әулетін байлыққа кенелдірген Standard Oil компаниясының құрылғанына 150 жылға жуықтады (Дэвид Рокфеллердің атасы). Компанияның байлығы артпаса кеміген жоқ.
Джон Рокфеллер мен Лаура Спелман-Рокфеллерден тараған ұрпақтың саны қазір 250 адамға жетті.
Forbes журналы таратқан мәліме бойынша әулеттің байлығы $11 млрд (2016 ж.).

Джон Рокфеллердің ең алғыр ұрпақтарының бірі Rockefeller & Co компаниясының президенті кіші Дэвид Рокфеллерге табысты болу үшін балаларды қалай тәрбиелеу керектігі жөнінде сұрақ қойған екен.Ол 4 кеңес беріпті:

1. Жүйелі отбасылық кездесулер.
Рокфеллер әулеті жылына 2 рет міндетті түрде бір шаңырақ астында бас қосады.
Одан өзге әулеттің 21 жастан асқан өкілдері форумдар өткізіп тұрады. Ол жиындарда саясатпен қатар бизнес мәселелері де сөз болады.

2. Отбасылық құндылықтар.
Екінші маңызды фактор – отбасы тарихын сақтау және жаңғыртып отыру.
Мәселен, біз әулеттің қара шаңырағын, яғни 150 жыл бұрын арғы атамыз бен әжеміздің қай жерде, қай үйде өмір сүргенін жақсы білеміз. Ол жерлерді көзіміздің қарашығындай сақтаймыз. Жастарымыздың құлағына бабаларының өмір жолдарын құйып отырамыз.

3. Біз ешқандай отбасылық компания құрмаймыз.
1911 ж. АҚШ үкіметі атамыз құрған монополияны ұсақ фирмаларға бөлшектеуді талап етті. Бұл жағдай ағайын адамдардың ақша үшін араздасып қалмауына ықпал етті.
Әрине, АҚШ үкіметі компанияны бөлшектегенде Рокфеллердің жағдайын ойлаған жоқ, мемлекеттің мүддесіне көздеді. Бірақ, дәл осы жаңдай әулеттің сақталып қалуына үлкен әсерін тигізді.

4. Қайырымдылық
Кіші Дэвид Рокфеллердің айтуынша, әулеттің табысты болуына үлкен ықпал кеткен төртінші фактор балаларымыз жастайынан қайырымдылық жасауға даңдыланады. Мен өзім алғашқы қайырымдылығымды 10 жасымда жасағаным есімде. Бір адамның ақшаға өте зәру екенін газеттен оқып, жинап жүрген ақшамды соның есебіне аударғам..

Өмір Шыныбекұлы

Send a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған