Ақтөбелік науқастарға жігіттердің көмегі қажет

Ақтөбелік науқастарға жігіттердің көмегі қажет

Қайратты жігіттер, қайдасыңдар? Ақтөбеде тынысы тарылған науқастарға дер кезінде оттегі баллондарын тасып, қолқабыс жасайтын адам жетіспей жатыр. Еріктілер ұйымының мүшелері мен дәрігері осылай деп дабыл қағуда6 деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.


«Сіздерге бір өтінішім бар. Медицина университетінің жанынан 300 орындық провизор орталығы ашылғалы жатыр. Соған санитардың жұмысын атқаратын жігіттер керек. Көпке көмегімді тигізем, әрі ақша табамын деген қайратты жігіттер болса, маған хабарлассын»

Медицина ғылымдарының докторы, доцент Ерболат Ізтілеуовтің бұл видеоүндеуін біраз жігітке ой тастапты. Қазір алдағы уақытта ашылатын келесі провизорлық орталыққа адамдар жинап жатқандарын айтты. Ал Бақытқали Оразғалиев ел басына күн туғанда әрбір азамат қолынан келетін көмегін аямауы керек дейді. Волонтерлықпен айналысқанына 3 жылдан асқан азамат күн-түн демей қаладағы провизорлық орталықтарға оттегі баллондарын тасып жүр. Қол күшінің жетпей жатқанын ол да айтты.

БАҚЫТҚАЛИ ОРАЗҒАЛИЕВ, «ANTICOVID-19» ЕРІКТІЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Кислородный баллонды үстіге, ренанимацияға алып барады, оны бітіргеннен кейін түсіреді, машинаға тиеп, заправкаға апару керек. Адам жетіспей жатыр. Ер адамдардың көмегі керек. Қажет. Алты баллон 6 адамға бір түнге жетеді».

Салмағы 70-80 келі болатын ауыр баллонды тасу медбикелер мен санитар қыздарға оңай емес. Әрі зілдей темірді 3-5-қабаттарға көтеру керек. Әрі-бері ойланып, еріктілер тығырықтан шығудың жолын іздеп тапқан сыңайлымыз дейді. Енді баллонды тасымай-ақ, оттегіні арнайы тетік арқылы қосып, құбырмен жіберіп отырады. Әрі бір сәтте екі пациентті оттегімен қамтуға қауқары жетеді. Әрине, мұның барлығы дәрігерлермен келісіліп жасалған.

ӘСЕТ ҚАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: «Оттегін таратқан кезде техникалық қауіпсіздік сақталмаса, ертең оның артында қиын жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан, олардың бізге көмек көрсетіп жатқан іс-шаралары біздің техниктермен бірге жүзеге асырылады».

Еріктілердің есебінше, әр адам күніне 1 оттегі баллонын тұтынады. Ал науқастар санының артқанын ескерсек, дәл қазір жұмыс күші ауадай қажет дейді олар. Волонтерлардың еңбегін шенділер де ескерді.

ӘСЕТ ҚАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: «Қарап отырмыз, біздің тұрғындарымыздың арасында да жаны ашып, осы халыққа көмек көрсетем деп жүргендер жеткілікті, оларға рахмет айтамыз. Біздің өзіміздің емдеу мекемелерде де техникалық персонал жеткілікті, жұмыс жасап жатыр. Сондықтан, баллон тасылмай қалып, науқасқа оттегі берілмей қалған жағдайлар жоқ».

«ANTICOVID-19» еріктілер ұйымының сапындағы 70 адам дәрігерлерге қолқабыс жасап жүр. Жетпістің 20-сы жігіт, қалғаны  қыздар.

Send a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған